ПЕРІШТЕЛЕР ЖЕРГЕ ТҮСЕТІН 10 ЖАҒДАЙ✔️ Періштелер – күнәдан пәк Алланың ардақты жаратылыстары. Олардың көп болғаны соншалық, жалпы саны тек бір Аллаға ғана мәлім. Алла Тағала оларды ерекше құрметтеп, Өзіне ғибадат етуі, әмірін орындауы үшін жаратты. Періштелер Раббыларына қарсы келместен, Оның барлық бұйрықтарын орындайды. Нұрдан жаратылған, аса көркем жаратылыс белгілі бір уақытта Алланың әмірімен жерге түседі. Төменде олардың жерге түсетін 10 жағдайын келтірдік: 1. АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛУ ҮШІН ЖИНАЛҒАН ОРТАҒА ПЕРІШТЕЛЕР ТҮСЕДІ Бұл туралы Пайғамбарымыз ﷺ: «Егер адамдар Алланың үйлерінің ішінен бір үйде жиналып Құран оқып, оны үйренетін болса, оларға әлбетте тыныштық түседі және оларды рахымшылық бүркеп, періштелер қоршауына алады»,- деген. (Муслим) 2. ТАҢ НАМАЗЫ МЕН ЕКІНТІ НАМАЗЫНЫҢ УАҚЫТЫНДА ПЕРІШТЕЛЕР ТҮСЕДІ. Бұл туралы Әбу Һурайра (р.а) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізген: 🌱«Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен аср (екінті) намазында жиналып, сосын сендермен түнде бірге болғандары көкке көтеріледі. Сонда Алла олардан жақсы біліп тұрса да: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?» - деп сұрайды. Ал олар: «Біз оларды намаз оқып жатқандарында тастап келдік, сондай-ақ, олар біз оларға барғанымызда да намаз оқып жатыр еді» деседі», - деген. (Бұхари 555) Және тағы бір хадисте Алла Елшісі ﷺ: 🌱«Жамағат намазы жалғыз оқыған намаздарыңнан жиырма бес бөлік артық және таң намазында түнгі періштелер мен күндізгі періштелер бас қосады», - деген. Осыдан кейін Әбу Һурайра: «Қаласаңдар, оқыңдар: «Расында таңғы Құранға періштелер қатысады», - деді. (Бұхари) 3. ЖАҢБЫР ЖАУҒАНДА ПЕРІШТЕЛЕР ТҮСЕДІ. Хадисте жаңбырдың әр тамшысын бір періште алып түсетіні әрі оны Алла бұйырған жерге қойып кететіні айтылған. 4. БІЛІМ АЛУҒА ЖОЛҒА ШЫҚҚАН АДАМНЫҢ АЯҒЫНЫҢ АСТЫНА ПЕРІШТЕЛЕР ҚАНАТТАРЫН ЖАЯДЫ. Бұл туралы Зурр бин Хубайш былай деді: «Бірде мен аяқ киімге мәсих тарту жайлы сұрайын деп Саффан бин Ассалға (р.а) келдім. Ол: "Сені алып келген не, иә Зарр?" - деп сұрады. Мен: "Білімге деген талпыныс" – дедім. Ол: "Шындығында, өздерінің ризашылығын білдіру үшін періштелер білім іздегендерге сол іздегендері үшін қанаттарын тигізеді!" - деді. (Тирмизи) 5. ҚҰРАН ОҚЫЛҒАН ЖЕРГЕ ПЕРІШТЕЛЕР КЕЛЕДІ және ол жерді періштелер қоршап, сол ортаға тыныштық пен мейірім түседі. Бұған Усәйд ибн Худайрдың басынан өткен оқиға дәлел. Ол былай дейді: «Бір күні түнде «Бақара» сүресін оқып отырғанымда атым жанымда байлаулы тұрған еді. Құранның даусын естіп атым осқырынып, жер тарпи бастады. Оқығанымды тоқтата қойдым. Атым да тынышталды. Қайта оқи бастап едім, атым тағы тыпырши бастады. Үшінші мәрте оқи бастағанымда атым тағы да мазасызданды. Яхия атты ұлым аттың жанында ұйықтап жатқан болатын. Басып кетпесін деп баламды алып кейінірек жатқызып қойдым. Басымды көтеріп аспанға қарағанымда ақ бұлттың көлеңкесіне ұқсайтын бір тұманның ішінде шырақ сияқты көптеген нәрселердің жарқырып тұрғанын көрдім. Ақ бұлт жарқыраған күйінде көкке көтеріліп көрінбей кетті. Таңертең болған оқиғаны Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанымда «Ей, ибн Худайр, оқы! Ей, ибн Худайр, оқы!» деді. Мен Құран оқуым керек екенін түсініп, «Иә, Расулаллаһ, Яхия ұлым аттың аяғының астына жақын жатқандықтан, басып кете ме деп қорқып оқуымды тоқтатып едім», - дедім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): - Сенің көргенің періштелер болатын. Олар сенің Құран оқығаныңды естіп келді. Егер сол қалпы оқи бергеніңде таңға дейін тыңдайтын еді, көпшіліктің көзінен жасырынбайтын еді, - деді» (Бұхари) 6. ӘТЕШ ШАҚЫРҒАНДА ПЕРІШТЕЛЕР КЕЛЕДІ. Пайғамбарымыз ﷺ: «Егер қораздың шақырғанын естісеңіздер, Алладан Оның кеңшілігін сұраңыздар, өйткені қораз періштені көргенде шақырады», - деген. 7. ЖҰМА НАМАЗЫНЫҢ УАҚЫТЫНДА ПЕРІШТЕЛЕР ТҮСЕДІ. Пайғамбарымыз ﷺ: «Жұма күні болғанда мешіттің әрбір есігінде періштелер тұрып намазға келгендерді ретімен бір-бірлеп жазады, ал имам мінберге отырғанда, парақтарын жауып, зікір сөздерін тыңдауға келеді», - деген. (Бұхари) 8. ЖАТАРДА ДӘРЕТ АЛЫП ҰЙЫҚТАҒАН АДАМНЫҢ ҚОЙНЫНА ПЕРІШТЕЛЕР ТҮНЕЙДІ! Пайғамбарымыз (ﷺ): "Дәретпен ұйықтаған адамның қойнында періште түнейді және ол адам түнде аунағанда және ұйқыдан оянғанда періште ол кісі үшін кешірім сұрайды", - деген. (саxиx xадис) 9. ҚАДІР ТҮНІНДЕ ПЕРІШТЕЛЕР ТҮСЕДІ. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Періштелер және Жәбірейіл бұл түні өздерінің Раббысының рұқсатымен барлық істермен түседі», - делінген. («Қадір» сүресі, 4-аят) 10. ҰРЫС-КЕРІСТЕН ҚАШЫП, САБЫР САҚТАҒАН АДАМНЫҢ ҚАСЫНА ПЕРІШТЕ КЕЛЕДІ. Пайғамбардың ﷺ мәжілісінде Әбу Бәкірді бір кісі (р.а) сөге бастайды. Алла Елшісі ﷺ Әбу Бәкірдің (р.а) үндемей, сабыр еткеніне қарап сүйсіне күлімсіреп отырады. Қоймаған соң арада біраз уақыт өткенде Әбу Бәкір (р.а) әлгі кісінің сөздеріне жауап қайтара бастайды. Сол кезде Алла Елшісі ﷺ ашуланған түр көрсетіп, орнынан тұрып кетеді. Әбу Бәкір (р.а) Пайғамбардың ﷺ артынан қуып жетіп: "Иә, Алланың Елшісі! Ол мені сөгіп жатқанда сен отырған едің ғой. Ал жауап қайтара бастағанымда ашуланып тұрып кеттің. Мұның себебі не?" деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Өйткені, сенімен бірге сен үшін жауап беріп жатқан періште бар болатын. Ал сен оның кей сөзіне жауап қайтара бастағаныңда періште кетіп, шайтан келіп отырды. Ал мен шайтанмен бірге отырмаймын», – деді. (Хасан хадис. Ахмад, Муснад, 9624. Әбу Дәуд, Сунан, 4879) ________________ #асыларна #періште #10жағдай #керекдерек

Теги других блогов: Құран Алла Періштелер